Елімізде жаңа Конституция қабылданғаннан кейін жүргізіліп жатқан ауқымды құқықтық реформа жағдайында құқық қорғау органдарының жұмыс тәсілдері де өзгеруде.
Бүгінде жасалған қылмысқа ден қою жеткіліксіз. Біздің ортақ міндетіміз – қауіп-қатердің алдын алу, құқық бұзушылықтардың себептерін жою және азаматтардың құқықтарын нақты қорғауды қамтамасыз ету.
Дәл осы мақсатта біз Қылмыстық қатерлер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығын құрдық. Ол – қылмыстың салдарымен күресуден оны ерте кезеңде ескертуге көшудің негізгі құралдарының бірі.
Орталық тәулік бойы криминогендік ахуалды талдайды, ықтимал қауіптер мен осал аймақтарды анықтайды, тәуекелдерді болжайды және олардың алдын алу бойынша нақты шаралар әзірлейді. Жұмыстың жеке бағыты – қылмыстық қатерлердің жаңа түрлері мен тәсілдерін анықтау мақсатында шетелдік контентке мониторинг жүргізу.
Ең бастысы – бұл талдау жергілікті жерлерде нақты шешімдер қабылдауға негіз болады.
Мәселен, Ішкі істер министрлігі және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, жасанды интеллект пен ұшқышсыз технологияларды қолдану арқылы азаматтарға қылмыстық қол сұғу ықтималдығы жоғары 360-тан астам қауіпті локация анықталды. Бұл жерлерде полицияның патрульдеуі күшейтіліп, 4 мыңға жуық жаңа жарықтандыру нүктесі және 3,5 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылды.






